Ақтөбеліктер облыстық арна жанынан ашылған медиа музейді тамашалай алады (ФОТО)

Ақтөбе өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының жәдігерлері қойылған медиа музей Aqto’be арнасының жанынан ашылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Музейдің ашылу салтанатына Ақтөбедегі ақпарат құралдарының өкілдері түгел дерлік жиналды. Салтанатты шара барысында облыстық арна басшысы Ернұр Бурахан тәуелсіз, коммерциялық және мемлекеттік ақпарат құралдарына ортақ музей ашу жөнінде бастама көтерілгенін, әрі оны әріптестері қуана қабылдағанын жеткізді.

Музей арна ғимаратының бірінші қабатында кіре берісте орнатылған. Арна тарихынан сыр шертетін жабдықтарды айтпағанда, бұл жерде өзге ақпарат құралдарының белгілері бар экспонаттар орын алған.

Мәселен, атышулы «Диапазон» басылымы газеттің тарихынан сыр шертетін кітап-альбом тарту еткен, «РИКА» медиа холдингіне қарасты газет, телевидение, радионың да атрибутикалары қойылған. Облыстық басылымдар ұсынған сарғайған нөмірлер музейдің сәнін одан сайын келтіріп тұр.

Музей жұмысына атсалысқан арнаның бас редакторы Әлия Таласованың айтуынша, музей қоры әлі де толығып отырмақ. Алдағы уақытта медиаға қатысты жәдігерлер қойылуы мүмкін.

«Біздің аз да болса қуанышымызға ортақтасып келіп жатқан әріптестерге алғысымызды жеткізгіміз келеді. Мұның барлығы медиа қызметкерлерінің ынтымақтастығын арттыру үшін де жасалып отыр», — дейді бас редактор.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз