Ақтөбе облысында несие алған тұрғындар банктерді cотқа беріп жатыр

Ақтөбеде 3 жыл бұрын несие алған, қазір де несиені өтеп отырған банк клиеттері комиссияға төлеген ақыны қайтарып жатыр. Сот арқылы 70 клиенттің арызы қанағаттандырылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Банктен несие алған ақтөбеліктер cотқа арыз жазып жатыр. Ұлттық банктің Ақтөбе облысы бойынша филиалы 3 жыл бұрын алған несиенің комиссиясын қайтаруға болатынын растап отыр. Сонымен қатар, қазіргі күні несиені өтеп отырған клиенттер комиссияны қайтара алады. Бірақ соңғы шешімді сот айтады.

«Банк клиенті сотқа арыз түсіріп, комиссияның негізсіз төлегенін дәлелдеуі керек. «Банктер және банк қызметі туралы» Заңы бойынша банк комиссияға ақша ұстайды және оның құны қанша болатынын өздері шешеді. Екі тарап арасындағы дауды тек сот анықтап, шешім шығарылады. Жыл басынан бері біз 70-тен астам сот отырысына қатысқан болатынбыз. Басым бөлігінде банктер клиенттеріне комиссияны қайтарып жатыр»,- деді Ұлттық банк филиалының бөлім басшысы Жанат Айтбай.

Айта кетейік, клиенттер соңғы үш жылда банктен комиссия шығынын кері қайтарып келе жатыр.

Пікір қалдырыңыз