Ақтөбеде қызметін асыра пайдаланған полицейлер сот алдында жауап беріп жатыр

Ақтөбе қаласындағы Елек полиция бөлімінің екі қызметкері лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланғаны және пара алғаны үшін сот алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Елек полиция бөлімінің қылметкерлері Е.Нұрмағамбетов пен Д.Дәулетияров қазір Қылмыстық кодекстің «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану», «Пара алу» баптары бойынша айыпталып жатыр. Сот отырысы басталды.

Іс материалдарына сүйенсек, қара металл жинап, тапсыру үшін Ақтөбе қаласына келе жатқан кәсіпкерді полиция қызметкерлері ұстап алады. Кейін әкімшілік іс Елек полиция бөлімінің жедел уәкілдеріне тап болады.

Сол кезде полиция қызметкерлері істі тоқтатуға болатынын, ол үшін 50 мың теңге қажет екенін айтқан. Кәсіпкер полиция қызметкерлері сұраған ақшаны бірден тауып бере алмайды. Мұны естіген полиция қызметкерлері жәбірленушіні ұрып-соғып, талапты күшейтеді.

Шыдамы таусылған жәбірленуші полицияға телефон шалып, бопсалау дерегі туралы хабар берген. Ақтөбе облыстық ІІД өзіндік қауіпсіздік қызметі екі полиция қызметкерін оқиға орнында ұстады.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Мейрамбек Ермағамбет, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз