Үнемі күліп жүретін ақтөбелік мұғалім өзін таңғалдырған сыйлық жайында айтып берді

Орыс тілі пәнінің мұғалімі Татьяна Боденко үш рет облыстың үздік ұстазы атанған. Сондай-ақ, ол — биылғы жаппай диктанттың жеңімпазы. Aktobenews.kz тілшісі үнемі күлімсіреп жүретін мұғалімді сөзге тартты.

Мұғалім болу қаншалықты қиын?

Мұғалім — бұл жай ғана мамандық емес, бұл — балаларға арналған ана, тәрбиеші, үй, арал. Балалар қуанышты бірге бөлісу үшін, жаңа білімді алу үшін бізге келеді. Сондықтан біздер (мұғалімдер — авт.) үнемі жоғары деңгейде болуымыз керек. Мен мектепте әртіспін. Әр сәт сайын балалар үшін жаңа білім беріп, қызықтыру үшін жаңа әдістерді ойлап табуымыз қажет.

Үнемі күлімсіреп жүруіңіз кәсібіңізге байланысты ма?

Әрине, кәсібіме байланысты. Күлкі баланы жақындатады. Кейде балалар мұғалімнен қорқуы мүмкін, ол қатаң деп ойлап, бағалары үшін алаңдайды. Ал егер мен күлсем, оның оқуға ынтасы оянады.

Қандай жетістіктеріңіз бар?

Биыл Ақтөбеде жаппай диктант өтті. Сонда мен жеңімпаз атандым. Менің ойымша, бұл өте жоғары жетістік. Жалпы, әр түрлі кәсіби байқауларда топ жардым. Үш рет облыстың үздік ұстазы атандым. Үздік класс жетекшісі атағын да алдым.

Балалардың қандай сыйлығы сізді қатты таңғалдырды?

Кез келген әйел тәттіні жақсы көреді. Соны білген түлектер қатарға тұрып, қолыма пакет ұстатты. «Қазір пакетке құттықтаулар мен тілектер сала ма» деп ойладым. Сосын олар менен қатардың бойымен жүріп өтуін сұрады. Жүріп бара жатқанымда әрқайсысы «баунти», «сникерс» салды. Бұл 2000 жылдардың басында болды. Сол кезде тәттілер енді-енді сатылып жатты.

Балалардың жүгіріп, сені құшақтағанына ештеңе жетпес. Бүгін 11 кластың қыздары мені құшақтады. Сосын 5 кластың балалары да маған жүгіріп келіп, «Бұл біздің Татьяна Яковлевна» деп құшақтай жөнелді.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз