Жақсылық Үшкемпіров спорттың дамуын Сапарбаевтың Ақтөбеге келуімен байланыстырды

Аты аңызға айналған олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жаңадан салынған Жепке-жек сарайын көріп таңғалды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Туған жер» республикалық форумы аясында Ақтөбеге қонақ болып келген Жақсылық Үшкемпіров жаңадан бой көтерген Жекпе-жек сарайын аралап шықты.

«Осыдан 4-5 ай бұрын Ақтөбеге келгенде бұл жерде ғимараттың (Жекпе-жек сарайы — авт.) қабырғалары жаңадан тұрғызылып жатты. Ал айналасында топырақтан басқа ештеңе болмады. Мұның бәрі басшыға байланысты. Елбасы да «Туған жер» бағдарламасы жайлы тектен тек айтқан жоқ. Әр азаматтың өзінің жеріне, еліне, жүрегіне деген сүйіспеншілігі болуы тиіс. Ұрпақ үшін осындай ғимараттар салынуы керек. Осының арқасында көптеген жастар рухтанады, спортқа келеді», — деді Жақсылық Үшкемпіров.

Сондай-ақ, әйгілі олимпиада чемпионы өңірдегі спорттың дамуын Бердібек Сапарбаевтың Ақтөбе облысына келуімен байланыстырды. Айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасымен Ақтөбеде халықаралық жарыстар өткізіле бастады.

«Осыдан біраз жыл бұрын осы өңірдегі спорттың деңгейі төмендеп кеткен еді. Бұл осы жерді басқарған азаматтарға байланысты. Бердібек Машбекұлы облыс әкімі болып тағайындалғаннан бастап, маған осы жердегі спорттың деңгейін көтеруге атсалысуға шақырды. Сөйтіп, ақылдаса келіп, 2015 жылы менің атымдағы халықаралық жарыс ұйымдастардық. Сол кезде спорт сүйер жастардың көп келгені сонша, тіпті спорт сарайында ине шаншар жер болмады. Ал қазір жарыстар жиі ұйымдастырылады. Бұл жерден олимпиада чемпионы шығады деп сенемін. Мұның бәрі басқарған адамға байланысты», — деді Жақсылық Үшкемпіров.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз