Сапарбаев мемлекеттік қызметтегілердің руы мен тегіне емес, жұмысқа қабілетіне қарау керектігін айтты

kapital.kz

«Қолынан жұмыс істеу келетін адамдарды қызметке қоямыз. Бастысы – жұмысқа деген қабілеті, жауапкершілігі, білімі, тазалығы, адалдығы». Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ардагерлермен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбелік ардагерлермен кездескен облыс әкімі рушылдық, тамыр-таныс туралы ой-пікірін білдірді. Себебі, аудан, ауылды аралап жүрген облыс әкімі жергілікті тұрғындар арасында түсініспеушіліктер туындайтынын айтты.

«Әркім өзінің ата-тегін, руын білуі керек. Бірақ кейбір адамдар жиында ру туралы қайта-қайта айта береді. Ол болмайды. Біз – қазақпыз. Қазақ «бөлінгенді бөрі жейді» деп бекер айтпаған. Оның үстіне біз азбыз. Егер әрқайсысымыз ру-руға, атаға бөлініп кетсек не болады? Қызметте де сондай. Сіздер «ананы қоймады, мынаны қоймады» деп ренжімеңіздер. Әруақытта айтамын, қолынан жұмыс келетін адамды қоямыз. Ең негізгісі – жұмысқа деген қабілеті, жауапкершілігі, білімі, тазалығы, адалдығы. Тамыр-таныстық туралы да айтылады. Шамамыз келгенше жойып жатырмыз. Ешқандай тамыр-таныс деген болмайды. Әркім өзінің басымен жұмыс істеуі керек. Сонда өңіріміз дамиды, барлығымыздың жағдайымыз жақсарады», — деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы кездесу кезінде білімді адамдар ғана табысқа жететінін жеткізді.

Жазира Сұлтан, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз