Ақтөбеде 2017 жылы нөсер мен суды бұратын арықтардың ауқымды құрылысы басталмақ

Бұл туралы Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның сөзінше, жаңбыр мен еріген суларды қала аумағынан тиімді жинап, бұру үшін Ақтөбеде 2017 жылы су деңгейінің көтерілу қаупі бар «Нұр Ақтөбе», «Батыс 1», «Батыс 2» тұрғындар алабында, 11 және 12 мөлтек аудандарында, «Шанхай», «Мәскеу», «авиатор», «ГМЗ» және қаладағы өзге де аудандарда нөсерлі жауын мен суды бұру арықтарын салу бойынша 13 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Бұдан өзге, Сәңкібай батыр даңғылы бойына Ә.Молдағұлова даңғылынан Сазды өзеніне дейін су бұрғыш арық салу үшін қаражат бөлінді, сонымен қатар, Жаңақоныс ауылында нөсерлі кәріз жүйесін салуға жобалық-сметалық құжаттама жасалады.

Брифинг барысында Нағымжан Алдияров Ақтөбе қаласында өткізіліп жатқан тасқынға қарсы шаралар жөнінде ақпарат берді.

— Су тасқынын болдырмау мақсатында қысқы жинастыру жұмыстарын жүзеге асырған мердігер мекемелер қала аумағындағы қарды жаппай шығару бойынша жұмыстарды аяқтады. Басты назар, әдеттегідей, тасқын кезінде суға кетуге бейім «Мәскеу», «Шанхай», «Құрмыш», «ГМЗ» аудандарындағы қарды шығаруға бөлінді. Барлығы, 680 мың текше метрден астам қар полигонға шығарылды.

Су тасқыны кезеңіне 4 мың тонна инертті материалдар, 2 мың дана ыдыс қап, 100 бірлік су айдау техникасы мен бульдозер, кран, экскаватор және т.б. секілді 20 бірлік ауыр техника дайындалды. Бес ауылдық округтегі ұзындығы 8 мың метр болатын арық жүйелері мен су жүргізу құбырларын, 30 мың метр ашық және жабық нөсерлі кәріз жүйесін, сонымен қатар жыраларды, арықтар мен су жүргізу құбырларын  қардан тазарту жұмыстарытәмамдалды.

Авиатор ауданы мен Жаңақоныс ауылындағы қарайту, Жіңішке өзенінің 235 метр жағалық сызығын бекіту жұмыстары жасалды.
Қоса кетейік, қалалық тасқынға қарсы комиссия штабы өз жұмысын 17 наурызда бастады. Осы уақыт аралығында штабқа 935 қоңырау түсіп, 75 мың текше метр су айдалды, бір мың тоннадан астам инертті материал әкелінді.

 

Пікір қалдырыңыз