Ақтөбе облысының бес ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша бірде-бір жоба жоқ

фото: forcecom.net
фото: forcecom.net

Өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытында 48 жобаны жүзеге асыру және жоспарлау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобаларға тартылған инвестиция көлемі — 29,1 миллиард теңге. Облыс басшысының қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік әрптестікке қатысты арнайы өткен мәжілісте осы және өзге де жайттар сөз болды.

Өткен жылы облыста МЖС аясында бес жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде психоневрологиялық ауруға шалдыққан балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және аналар мен балаларға арналған дағдарыс орталығы ашылды.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік — Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың бірі. Оның үстіне экономиканы дамытудың, әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді жолдарының бірі — осы саланы дамыту. Бұл бағыттағы жұмыстар облыста тұрақты жүруде. Бірақ біздің әлі де болса мүмкіндігіміз көп. Соның барлығын тиімді пайдалануымыз керек», — деді мәжілісте Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспаөз қызметінен хабарлағандай, қазір облыста бірқатар мекемелердің құрылысы қарқынды жүруде. Алдағы уақытта соларды уақытында және сапалы аяқтау қажеттігі туралы айтылды.

Өкінішке қарай, облыстағы бес ауданда бірде-бір жоба жоқ. Осыған байланысты, Бердібек Сапарбаев жұмыстарды әлі де жүйелі жүргізуді тапсырды. Әсіресе аудандарда спорт, мәдениет, білім секілді әлеуметтік салаларда МЖС жобаларын жүзеге асыру керектігін айтып, «Туған жерге тағзым» акциясының аясында ауылдан шыққан кәсіпкерлерді атсалысуға шақырды.

Мұхит Әлжан, Aktobenews.kz

 

Пікір қалдырыңыз