Малды құжатсыз сатпақ болғандар ұсталды

Ақтөбенің мал базарынан құжаттары талапқа сай келмеген екі автокөлік ұсталды. Тиелген малдар сатуға әкелініпті. Бірақ, құжаттары түгел болмағандықтан, сатуға рұқсат берілмеді. Бұл туралы aktobetv.kz сайты хабарлайды.

Қазір облыс аумағында облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері мен мал дәрігерлері бірлесіп, бір айлық акция ұйымдастырды. Акция аясында түнгі рейдке шығып, мал базарына, сауда орындарына әкелінетін малдың және еттің сапасы тексеріледі.

— Рейдті өткізудегі мақсат облыста ветеринарлық қауіпсіздікті сақтау және мал ұрлығының алдын алу. Тексеру барысында  24  бас ірі қара мен 3 жылқы тиеген Қостанай облысының екі  жүк көлігі ұсталды.  Көліктің біріндегі малдың ветерианарлық құжаттары түгел болмай шықты, — дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев.

Өткен жылы облыста 452 мал ұрлығы тіркелген. Әрбір төртінші ұрланған малдың тіркеу құжаты мен  құлағындағы жапсырма сырғалары  болмай шыққан. Ал бұл иесі құнттаса, малға  тегін салынады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бір ай бойы облысқа  малдың заңды жолмен әкелінуін қадағалайтын болады.

Пікір қалдырыңыз