Ырғыз аумағында киік атқан қарақшылар ұсталды

Өткен демалыс күндері Ырғыз ауданының Жайсаңбай ауылдық округінің аумағында заңсыз 2 бас қабан атқан қызылордалықтар ұсталды. Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторлары тексеру барысында браконьерлердің жол талғамайтын көлігінен 2 дана аңшы мылтығы, 68 дана оқ-дәрі және 1 ара тәркіліген. Инспекторлардың есебінше, жабайы шошқаға баудай тиген қаскөйлердің заңсыз әрекеттерінен жануарлар дүниесіне 1 миллион 134 мың теңге залал келтірілген.
Ал, 13-ақпан күні осы ауданның ерекше қорғалатын табиғи аумағында 19 бас киік атқан 4 адам ұсталған. Бұл екі дерек бойынша Ырғыз аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғады.
— Аталған оқиға тергелді. Жануарлар дүниесіне 80 миллион теңге зиын келтірілгені анықталды, — дейді Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жетекші маманы Ринат Кенжебаев.

Пікір қалдырыңыз