Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевты Елбасы қабылдады

Елбасы бүгін Ақордада Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына Ақтөбе облысының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімет берілді. Елбасы Ақтөбе өнеркәсіп саласының әлеуеті жоғары өңір екенін атап өтті. Президент шағын және орта кәсіпкерліктің өңір экономикасындағы үлесін 50 пайызға жеткізу керектігіне тоқталды.

Сондай-ақ, облыстың әлеуметтік саласындағы басымдықтарға да мән берді. Оның ішінде балабақшалар санының артқаны, апатты жағдайдағы және үш аусыммен оқитын мектептерді жөндеу бойынша қолға алынған шаралар Елбасы көңілінен шықты. Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев экономикалық көрсеткіштерді арттыру мақсатында өңірде жасалып жатқан жұмыстарды атып берді. Оның ішінде өнеркәсіп секторының дамуына, аграрлық салаға инвестиция тарту және тұрғындарды жұмыспен қамту жұмыстарына жете тоқталды. «Жыл қорытындысы бойынша облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша өсім бар. Ең бастысы – біз жұмыссыздықтың артуына жол бермедік. Мемлекеттік бағдарламаларды уақытылы жүзеге асырудың нәтижесінде өткен жылы 16 мың жаңа жұмыс орны ашылды», — деді Бердібек Сапарбаев. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

khabar.kz

Пікір қалдырыңыз