Жеті оқушы екпеден бас тартқан

Кірпішті елді-мекеніндегі №18 орта мектептің 7 оқушысы екпе алмаған. Діни көзқарасымыз бұған қайшы деген ата-аналары балаларына екпе бергізуден бас тартыпты. Бұл туралы осы мектепте мамандардың қатысуымен өткен семинарда белгілі болды.

«Бұл мектепте 800 оқушы оқиды. Бәрі де уақытылы вакцина алады. Бірақ, 7 баланың вакцинациядан өтпей қалғаны осы қалыпты үрдісті бұзып отыр. Себебі, ата-аналары қарсылық білдірді. Олар кейін екпе алмаған баланың инфекцияға төтеп беруге ағзасы әлсіз болатынын, иммунитеті қарсы тұра алмайтынын түсінбей отыр», — дейді мамандар.
Ақтөбе облысында қазір ата-анасы екпеден бас тартқан 2538 бала бар. Оның ішінде 1534-і туғаннан бастап бірде-бір рет екпе алмаған.
— Біздің мектепте екпе алмаған 7 баланың ата-анасына барымызша вакцинаның пайдасын түсіндіріп жатырмыз. Осы тақырыпта дөңгелек үстелдер, ата—аналар жиналысын өткіздік. Райынан қайтады деген үміттеміз, — дейді №18 орта мектептің фельдшері Маржан Сәрсенова.

Пікір қалдырыңыз