Ақтөбеде бір жылда 1,5 мыңнан астам пәтер тоналған

Қалада пәтер тонаумен байланысты қылмыс көбейген. Бұл туралы қала әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен қала әкімдігінде өткен жиналыста айтылды. Басқосуға пәтер иелері кооперативтерінің басшылары және күзет мекемелерінің директорлары да қатысты.
Тәртіп сақшылары пәтерлер негізінен таңертең және күндіз жұмыс уақытында тоналатынын байқаған. Өткен жылы түнде есікті бұзып кіріп, тұрғындардың мүлкін ұрлаған 30 оқиға тіркелді. Есет батыр, Тургенев және ағайынды Жұбановтар көшелерінің тұрғындары қарақшылардан мезі болғандарын айтады. Ал ұрлық ең көп тіркелген ауыл-аймақ қатарында Заречный, Жаңақоныс және Оңтүстік-Батыс елді мекендері бар. Пәтерлерді көбінесе бұрын соттталғандар, нашақорлар тонайтыны анықталған. Ал қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің 10 мың подъезінің 7-де ғана бейнебақылау камералары бар. Ал 20 мың пәтердің 5 пайызында ғана дабыл қаққыш жүйесі орнатылған. Әр подъезге учаскелік инспектор қою мүмкін емес жағдай. Сондықтан, тұрғындар өздерінің мүліктеріне мығым болулары керек.
— Өткен жылы Ақтөбеде 1,5 мыңнан астам пәтер тонау қылмысы тіркелді. Бұл қылмыс 2015 жылмен салыстырғанда 24 пайызға артып отырғанын көрсетеді. Терезе, балкон арқылы пәтерге кіріп, тонап кеткен 498 факт тіркелді. Ал кілтті үйлестіріп, пәтер есігін ашып кірген 56 жағдай белгілі болды. Есікті бұзып кірген 127 оқиға да біздің бақылауымызда, — дейді облысиық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қаныбек Жақсығалиев.

Н.ЖАМАЛОВА.

Пікір қалдырыңыз