Хромтау өндірістік компаниялары спорт кешенін және мәдениет үйін салып береді

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Хромтау ауданында «Ақтөбе мыс компаниясы» және «Восход-Oriel» компанияларының 2016 жылы өндірістік бағдарламалар мен ұжымдық келісім-шартты орындауы туралы есепті жиынына қатысты.

Облыс әкімі компаниялар басшылығына соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында ешқандай жобаның жүзеге аспағанын ескертті. Бұл мәселені талқылау барысында «Ақтөбе мыс компаниясы» серіктестігі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Хромтау қаласында заманауи спорт кешенін және Ақтөбе қаласында балалар бақшасын салып беретін болып келісімге келді. Ал «Восход-Oriel» серіктестігінің бас директоры Серік Ибатов Хромтауда Мәдениет үйін салып беруді уәде етті.
Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген басымдықтарды ескере отырып, облыс әкімі кәсіпорындардың тұрақты қызметін қамтамасыз ету, инновацияны енгізу, жоғары білікті мамандарды даярлау, қазақстандық құрамды молайту, тағы басқа мәселелер жөнінен шаралар қабылдауды тапсырды.

Жиын облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылығы және аумақтық кәсіподақ бірлестігі арасында еңбек қатынастарын реттеу және жұмысшылар үшін әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мәселелерінде өңірлік деңгейде алдағы уақыттағы келісілген іс-әрекеттер мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылумен аяқталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыңыз