Мас күйінде көлік жүргізген прокурор қызметінен босатылды

Мас күйінде автокөлік руліне отырған Ақтөбе облыстық прокуратурасының аға прокуроры ұсталып, көлік жүргізу құжатынан айырылды. Құжаттан ғана емес, жұмыстан да айырылды.
Қаңтардың 15-і күні түнгі сағат үштің шамасында Прохоров көшесінің бойында полиция қызметкерлері «Toyota Land Cruizer Prado» маркалы көлікті тоқтатады. Көлік жүргізушісі полиция қызметкерлері үшін күдік туғызған. Автокөліктен тоқтатқан бойда шыққан ер адамның мас екені бірден байқалады.
Құжаттарды тексеру арқылы тәртіп сақшылары көліктің руліндегі мас жүргізушінің Ақтөбе облыстық прокуратурасының прокуроры Рустам Сиюшев екенін анықтаған. Бірақ, ол куәгерлердің көзінше куәландыру шараларынан өқтуден бас тартып, кетіп қалған. Автокөлік айыппұл тұрағына тоғытылды. Ал жүргізушіге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Сотта Рустам Сиюшев кінәсін мойындаған жоқ. Ол куәландыру шараларынан бас тартпағанын, тек прокурордың қатысуын талап еткенін айтты. Бірақ, куәгерлер оның сөзін растамады. Нәтижесінде, сот прокурорды кінәлі деп тауып, 2 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.
— Прокуратурада осы оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізілді. Сиюшевтің мемелкетік қызметшінің этикалық талаптарын бұзғаны анықталды. Қорытындысында, ол лауазымынан айырылып, прокуратура органдарынан жұмыстан кетті, — дейді Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев.

Ләззат Апысбаева

Пікір қалдырыңыз