150 мың тонна қоқыс шашылып жатыр

Ақтөбенің ауасына таралған жағымсыз иісті арылту керек. Осы талапты орындай алмай отырған экология саласына жауапты мамандары өңір басшысынан сын естіді. Бердібек Сапарбаев ауаны тазарту үшін қаланың жасыл белдеуін қалыптастыруды тапсырды.

— Су қоймаларының бәрінің жанына тал отырғызуымыз керек. Тал отырғызамын деген адамдарға жер телімін бөлу жағынан ешқандай мәселе болмайды. Көшеттер әртүрінен отырғызылуы керек. Ауаны тазарту үшін ағашты көп егу қажет. Көктемнің келуіне екі айт уақыт қалды. Өткен жылы егілген шыбықтар өсті ме, тамыр алып кетті ме? Осы жағын қараңыздар. Талдарды суару жағын да қадағалаңыздар. Суға байланысты жобаға бастарыңмен жауап бересіңдер. Су қоймаларына қатысты басқарма тағы да «ұйықтап отыр». Біз бар су қоймаларын пайдаланбаймыз. Қаншама қарды ұстап қалуымыз керек», — деді облыс басшысы.

Экология департаментінің басшысы спирт өндіруші кәсіпорындар қалдықтарын орталық кәріз жүйесіне төгіп отырғанын айтты. Облыста бүгінде 360 иесіз қоқыс алаңында 150 мың тонна қалдық жиналып қалған. Ал полигондардағы тұрмыстық қалдықтардың 1,45 пайызы ғана өңделеді. Негізгі проблема қоқысты іріктеу цехтарының болмауында екені айтылды.
«Қай ауылға барсаң да күл-қоқыс желге ұшып көшеде жатады. Қоқыстың айналасын қоршап, біреуге бекітіп қойса көп қаржыны қажет етпейді», — деді облыс басшысы.

Пікір қалдырыңыз