Джеки Чанға домбыра ұстатқан Димаш қазақ елін тағы қуантты

Сурет Димаш Құдайбергеновтың инстаграм парақшасынан

Қытайда өтіп жатқан «The singer» халықаралық байқауына қатысып, әлем назарын өзіне аударған ақтөбелік әнші Димаш Құдайбергеннің танымалдығы күн санап артып келеді. Әншіні атақты актер Джекидің іздеп келуін көпшілік танымал адамдардың жас дарынды мойындағаны деп қуанды.

Бұл күнгі сезімімен Димаштың өзі әлеуметтік парақшада бөліскен болатын. Өзіне сыйлық әкелген Джеки Чанды Димаш та құр жібермей, шапан жауып домбыра ұстатқан.
«Бүгін менің өмірімде тариxи есте қалатын ерекше күн! Атақты актер Джеки Чан мырза мені теледидардан көріп, кездесуге шақырды! Кездесуде актер маған өзінің эксклюзивті күртешесін және арнайы фирмалық ән тыңдау құрылғысын сыйға тартты! Ал мен актерге қазақтың шапанын жауып, домбыраны сыйға тарттым! Домбырамен бір күй шертіп беруімді өтінген Джеки Чанға Нұрғисаның «Әлқисасынан» шашу шаштым! Өз кезегінде актер маған соңғы «Kung Fu Yoga» кинокартинасындағы би қимылдарын үйретті»,- деп жазған Димаш Құдайберген.
Армандардың орындалатынын жазған әнші қазақ еліне де лебізін білдірген.
«Бала кезімнен бері келе жатқан сүйікті актерім маған өз ақыл кеңестерін беріп, шығармашылығымды бақылайтынын айтты. Сөз соңында, барша Қазақстан xалқын жаңа жыл мерекесімен құттықтап, әдемі лебіз-тілегін білдірді! Келесі кездесуді асыға күтеміз! Армандар орындалады»,- деген Димаш.

Пікір қалдырыңыз