Ақтөбеде қатерлі ісікке тексерілу шаралары артты

Елімізде 146 мыңға жуық адам қатерлі дертке шалдыққан. Бір жылда 33 мың адамнан қатерлі ісік анықталады. Бұл туралы бүгін Ақтөбедегі отбасылық медицина клиникасында өткен ашық есік күнінде айтылды.

Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күннің құрметіне отбасылық медицина клиникасының дәрігерлері 10 күндік шара ұйымдастырды. Бұған кез келген адам келіп, дәрігердің кеңесін ала алады. Ақысыз тексеріліп, қажетті дәрі-дірмекті де ақысыз ала алады. Бүгін күннің бірінші бөлігінде онкологияны емдейтін маммолог, гинеколог және хирург мамандарға 250 ақтөбелік келіп тексерілді.
Қазір бұл клиникада 15 мың адам тіркелген. Оның ішінде, 131 адам қатерлі ісікке шалдыққан. Олардың 15-не өткен жылы операция жасалды.
— Әйелдер 30 жастан, ер азаматтар 40 жастан асқанда скринингтік тексеруден өтуге міндетті. Жалпы, бес жыл сайын қайталап тексеріліп отыру керек. Негізінен скринингтің 11 түрі бар. Оның ішінде алтауы қатерлі ісік ауруларын анықтауды көздейді, — дейді отбасылық медицина клиникасының дәрігері Ажаргүл Қожаева.
Бұл ауру бұрын тек егде тартқан адамдарда кезігетін. Ал қазір қатерлі ісікке шалдыққан жастардың көп екенін байқалады. Мұның өкініштә екенін айтқан дәрігерлер қазір асқазанның қатерлі ісігі жиілеп кеткенін алға тартты.

Н.ЖАМАЛОВА.

Пікір қалдырыңыз