Алға ауданында 124 адам жат ағымдардың жетегінде жүр

Бүгін Алға ауданының әкімі Мавр Абдуллин журналистермен бринфинг өткізді. Мавр Ерғалиұлы әкімдікте қызметте болған 1,5 жыл ішінде жасаған жұмыстарына тоқталып, алдағы жоспарымен таныстырды.
40 мың халқы бар ауданда жүзден астам адам жат ағымдардың жетегінде жүргені айтылды.
— Ауданда баласына екпе бергізуден бас тартып отырған ата-аналар бар. Екпе алмаған 125 бала есепте тұр. Өткен жылы 3 отбасымен жеке кездесулер өткізіп, райынан қайтардық. Осының нәтижесінде 7 балаға вакцина берілді. Бұл бағытта қосымша жұмыстар жасалынып жатыр. Жұмысшы топ ауылдарды аралап, жастармен кездесулер өткізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы екпеден бас тартқан балалардың арасында өкпе ауруына шалдыққандардың кездескенін айтты. Біз осы ақпаратты халыққа жеткізіп жатырмыз. Түсінгендер де бар. Бірақ, бәрі бірдей діни көзқарастың әсерінен бас тартып отыр деуге болмайды. Баласының денсаулығына байланысты күдіктеніп, екпе жасатпай отырғандар да кездеседі», — дейді Алға ауданының әкімі Мавр Абдуллин.
Аудандағы адасқан ағым жетегінде жүргендермен арнайы карта бойынша жұмыс жасалынып жатыр.
— Алға ауданы бойынша 137 адам басқа ағым жетегінде жүргендер қатарында. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бұл сан 124-ке түсті. Қазір осы басқа ағым жетегінде жүргендердің аймақ бойынша картасы жасалынды, — дейді аудан әкімі.
Аудан әкімі сондай-ақ, Алғада ауыл шаруашылығы саласында ауыз толтырып айтарлық оң өзгерістердің барын атады. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 17 кооператив құрылған. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7 жоба іске асырылып, 1762 млн. теңге бөлінген.

А.СЕРДАЛЫ.

Пікір қалдырыңыз