Биыл бірінші рет Қазақстан кубогі үшін футболдан ақтық ойын Ақтөбеде өтеді

«Ақтөбе» футбол клубы Түркияның Белек қаласында өтіп жатқан алғашқы оқу-жаттығу жиындарын аяқтады. Айта кетсек, бұл жолы Игорь Рахаевтың командасында жаңа ойыншы 28 жастағы жартылай қорғаушы Антон Шурыгин өнер көрсетті. Ол — Ақтөбе футболының тәрбиеленушісі. Бұрын «Жас Ақтөбе» командасының құрамында ойнаған. Ал осы жолы облыс командасына алғаш рет қосылып отыр. Ол «Қаскелең», «Сұңқар», «Екібастұз» және «Ақжайық» командаларында да ойнап, тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ, Қазақстан құрамының атынан ойнап жүрген Жақып Қожамберді де ақтөбелік жаттықтырушылардың көзіне түсті. 24 жастағы футболшы «Лашын», «Тараз», «Оқжетпес» және «Астана» командаларындағы ойындарымен танылды.
Сондай-ақ, ақтөбеліктердің жаттығу лагерінде Буркин-Фасодан шыққан 18 жастағы шабуылдаушы Абдулла Джафар да болды. Айта кетсек, алғашқы оқу—жаттығу жиындарының соңында біздің команда екі матч өткізді. Нәтижесінде ресейлік ұлттық лига командасы «СКА — Хабаровск» ойыншыларын 2:0 есебімен ұтып, айқын басымдық танытты.
Ал соңғы күні ақтөбеліктер Венгрияның «МТК-Будапешт» командасынан дәл осындай есеппен жеңілді.
қазір футболшылар қысқа мерзімді демалыста. Ал ақпанның жетісінен бастап Түркияда оқу-жаттығу жиындарының екінші кезеңі басталады. Онда олардың 5 матч өткізетіні жоспарланған.
Ал ақтөбелік жанкүйерлер үшін бір жағымды жаңалық: 2017 жылғы Қазақстан кубогінің ақтық сыны тарихта бірінші рет Қобыланды батыр атындағы Ақтөбенің орталық стадионында өтеді.

 

Пікір қалдырыңыз