700-ден астам ақтөбелік келіншектерден қатерлі ісік анықталған

Бүгін ақтөбелік дәрігерлер обырға қарсы күрес күніне орай «Менің қолымнан келеді! Біздің қолымыздан келеді!» атты онкүндік шараны бастады. Оған себеп жоқ емес.  556 ақтөбелік келіншектен жатыр обыры анықталған. Сонымен қатар 157 тұрғын сүт безі обырына шалдыққан. Оның 28-і скрининг арқылы анықталған. Мамандар сол себепті тиісті тексерісті жіберіп алмауды ескертеді.

«Жүргізілген тексерістер нәтижесінде өткен жылы асқазан қатерлі ісігіне шалдыққандар саны көп тіркелді. 2014-2015 жылы сүт безі обырымен тіркелгендер көрсеткіші жоғары болатын.Скринингтер арқылы  қатерлі ісіктер анықталып, аурудың алдын алуға мүмкіндіктер туып жатыр. Онкологиялық аурудың бірінші белгілерін адам байқамауы мүмкін. Денсаулығымызға немқұрайлы қарамауға тиіспіз», — деді облыстың бас онколог дәрігері Әріп Қойшыбаев.

Дәрігерлер онкологиялық аурулардың көбеюін қаланың экологиялық жағдайымен байланыстырады. Қатерлі дертке шалдыққандардың дені қала және Хромтау, Байғанин, Мәртөк ауданы тұрғындарынан анықталған.

Онкологиялық аурулардың алдын алу мен ерте анықтауға арналған шара облыста 1-10 ақпан аралығында өткізіледі. Қала тұрғындары тұрғылықты мекен-жай бойынша учаскелік дәрігерге қаралып, текресуден өте алады.

А.СЕРДАЛЫ

Пікір қалдырыңыз