Б.Сапарбаев: «Ақтөбеде салынатын әрбір жаңа үйден жетім балаларға пәтер берілуі тиіс»

Ақтөбеде әрбір салынған жаңа үйден жетім немесе ата-ана қомқорлығынсыз қалған балаларға пәтер берілетін болады. Мұндай бастаманы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көтерді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Облыс әкімі өңірдегі ірі құрылыс компанияларының басшыларымен кездесіп, Ақтөбеде салынатын құрылыстарға қойылатын талаптарды айтты. Компания басшыларына жетім балаларды баспанамен қамту туралы міндет жүктеді.
— Жетім балалар мен ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың басты проблемасы – баспана. Олар оқу оқып, білім алады да, аяғында далада қалады. Олар үшін жасөспірімдер үйі жұмыс жасап жатыр, жуырда әлеуметтік үй ашылды, бірақ ондағы орын саны шектеулі. Жыл сайын мемлкеттік тұрғын үй қорынан 40-50 пәтер беріледі, бірақ баспанаға мұқтаждар саны одан да көп. Сондықтан, жеке қаражатқа немесе мемлекеттік бағдарлама аясында салынған әрбір үйден жетім балалар үшін пәтерлер алып қою қажет. Пәтер саны үйдің жалпы аумағына байланысты.
Жақында маған Ырғыз ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Ибрагим Сәрсенбаев келіп, аудандағы 6 жетім баланы баспанамен және жұмыспен қамтуға дайын екендігін жеткізді. Бұл дұрыс шешім, — деді Бердібек Сапарбаев.
Құрылыс компанияларының басшылары облыс әкімінің бастамасына қолдау білдіріп отыр.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз