Ақтөбеде оқушылар олимпиадасы туралы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тараған

Ақтөбелік ата-аналардың арасында облыстық пәндік олимпиаданың әділ өтетініне сенбейтіндер бар. Сондықтан, бүгін басталған облыстық пәндік олимпиаданың өту барысын ата-аналар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінен, ардагер ұстаздардан құралған арнайы комиссия екі күн бақылайтын болды.
Бүгін Ақтөбеде өтіп жатқан олимпиадаға облыстың барлық мектептерінен 846 оқушы қатысып жатыр. Білім сынағы №6 орта мектепте және М.Құсайынов атындағы дарынды балалардың мамандандырылған мекетеп-интернатында өтуде. Олимпиада кезінде аудандардан келген балалар Құсайынов атындағы мектеп-интернатта жататын болды. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары Павлодар қаласында және Ақтау қаласында өтетін республикалық олимпиадаларға қатысады. Ал жарастылыстану-математика бағыты бойынша білім додасынан үздік шыққандар Жапонияда өтетін әлемдік олимпиадаға қатысуды армандайды.
— Біз бұл жолы олимпиаданың барынша жария түрде өтуін қамтамасыз еттік. Себебі, ата-аналардың арасында балалардың жұмыстарын бағалайтын қазылардың шешіміне сенбейтіндер кездеседі. Мәселен, бүгін олимпиада басталмай жатып, сенімсіздік танытқандар инстаграм желісіне «олимпиадада жүлделі орын сатулы екен» деп жалған ақпарат жазып қойыпты. Мұндай теріс пиғыл туғызып, әлеуметтік желілерге жалған ақпарат таратып жүргендерге егер олай болса, олимпиаданы өткізудің қандай қажеттілігі бар деп айтар едім. Біз осындай қаңқу сөз тумас үшін бұл жолы «Нұр Отан» партиясының мүшелерін, ата-аналарды қатыстырып, комиссия құрдық. Комиссия мүшелері екі күн бойы класс-кабинеттерді бақылап, сұрақ туындап жатса, шеміміне қатыса алады, — дейді «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Жәния Есенжолова.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз