Ақтөбеде Жастар және Оқушылар сарайы ашылады

Биыл облыс орталығында салынып жатқан Жастар сарайының және Оқушылар сарайының жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. Ғимараттардың құрылысымен барып танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа мердігер ұйымдардың басшылары осылай деп уәде берді.

Оқушылар сарайы Батыс-2 ауданында салынып жатыр. Мердігер ұйым «Ақтөбе электр құрылыс желісі» ЖШС директоры Болат Көшікенов аспалы шамдар тапсырыс бойынша Қытайдан әкелінетінін айтты.

Жақында басқа да құралдар, қажетті жиһаздар әкелінеді. Бұл жоба «Парыз» қоғамдық қоры арқылы «Қазхром» трансұлттық компаниясының демеушілігі есебінен қаржыландырылып жатыр. Құрылыстың құны шамамен бір миллиард теңгеден асады. Төрт қабатты, зәулім ғимараттың жалпы көлемі 13 мың шаршы метр.

Әбілқайыр хан даңғылы бойында салынып жатқан Жастар сарайының құрылысы да биыл жазда аяқталады. «Интерстиль» ЖШС салып жатқан бұл ғимараттың жалпы құны — 1,5 миллиард теңге. Құрылысқа «Парыз» қоғамдық қоры арқылы «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» компаниясы қаражат бөлді.

— Ғимаратта бір үлкен зал болады, оның айналасында бөлмелер орналасады. Биыл маусымда аяқтап үлгереміз деп ойлаймын, — деді «Интерстиль» ЖШС директоры Гнель Сарбикян.
Құрылыс алаңдарын барып көрген өңір басшысы ғимараттардың құрылысы аяқталғанын күтпестен, көктем шығысымен айналасын абаттандырып, жасыл желекке айналдыруды тапсырды. Әсіресе, гүлзарлар, гүлдестелер көбірек егілуі керек.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз