Ақтөбеде жаңа жыл түні өртке оранған жатақхана тұрғындары әлі ес жинай алмай отыр

Тұрар Рысқұлов көшесіндегі 5 қабатты жатақханалардың бірінде жаңа жыл түні өрт оқиғасы тіркелді. Екінші қабаттағы пәтерде болған өрт кезінде бір адам тірідей жанып кеткен. Бес техникамен келген өрт сөндірушілер 13 баланы уланудан құтқарып қалды. Тұрғындарға көмек көрсету үшін  5 жедел жәрдем қызметі мен 5 өрт сөндіру техникасы келген. 40-қа жуық адамға көмек көрсетілген.

-Өртті сөндіруге жеке құрамнан 63 адам және 16 техника жұмылдырылды.Өрттен 39 адам құтқарылды, оның ішінде 13 бала. Өрт 03 сағат 17 минутта сөндірілді, алаңы 16 шаршы метр. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі отты пайдалануда абайсыз болу. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында облыстың тұрғындары мен қонақтарына тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажет екендігі туралы ескерткіміз келеді, атап айтқанда дайындап жатырған тамақты қараусыз қалдыруға, бөлме ішінде шылым шегуге, үйлеріңізден шыққанда барлық электр қондырғыларыңызды тоқтан алып тастағаныңызға сенімді болуыңыз,-дейді төтенше жағдай қызметінің баспасөз қызметі.

Адам өлімімен аяқталған өрт оқиғасы тіркелген жатақхана тұрғындары 2 күн жарықсыз отырғандарын айтады.

-Үйдегі заттардың барлығы жарамсыз болып қалды. Сол күні үйдің барлығын түтін алып кетті. Оған дейін ол пәтерде көп адам жиналып, жаңа жылды тойлап жатты. Қаза болған ер адамның қызы шетелде тұрады. Не болғанын түсінбей қалдық. Бізді балалармен сыртқа терезеден шығарды. Жарықтың өзін бізге кеше қосты,-дейді Айнагүл Сегізбаева.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз