Түнгі шамдарды сындырып, 65 түп талды қазып алып кеткен кімдер?

Ақтөбенің іргесіндегі Қарғалы ауылында отырғызылған 200 түп жас көшеттің 65-ін қазып алып кеткен. Ал елді мекеннің ішіндегі саябаққа жазда жөндеу жасалған болатын. Оған орнатылған түнгі шамдарды сындырып, отырғыштарды кесіп тастаған. Бұл туралы ауылдық округ әкімі Алмаз Әлімбаев мәлімдеді.
— Жилянка — Ақтөбенің іргесіндегі ең үлкен елді мекендердің бірі. Егер, осыдан 20 жыл бұрын ауылдық округте 10 мың адам тұрса, қазір тұрғын саны 23 мың адамға жетті. Бұл дегеніміз жыл санап елді мекеннің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Біз биыл абаттандыруға көп қаражат бөлдік. Ауылды көркейту үшін саябақты жөндедік. Түнгі шамдар орнаттық, жиек тастар салдық. Тал отырғыздық. Бірақ, осының бәрі зая кетіп жатыр. Сырттан ешкім келген жоқ, талдарды қазып алып кеткен де, сындырып, бүлдіріп, кескілеп жүргендер де осы елді мекенде тұратын бұзақылар деп ойлаймын, — дейді А.Әлімбаев.

Қарғалының басты көшесінде аялдамалар жаңғыртылып, жаяу жүргіншілер жолы салына бастады. Аялдамалар маңына, саябаққа күл-қоқыс жәшіктері де орнатылды. Оны да біреулер кесіп алып кеткен. Жалпы, қоғамдық тәртіпті бақылау үшін аумағына Мағаджан, Ақжар елді мекендері кіретін ауылдық округке ауыл әкімінің айтуынша, учаскелік инспекторлар жеткіліксіз.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз