Базардағы төбелесті кім бастады?

Сурет nur.kz сайтынан алынды

28 қыркүйек күні Ақтөбе қаласындағы Орталық базар маңында төбелес болғаны белгілі. ІІД-нің «102» телефонына түскен хабарлама нәтижесінде бір топ күдікті ішкі істер органдарына жеткізілді. Тексеру нәтижесінде күдіктілердің бірқатары белгіленбеген орындарда ұялы телефон сатумен айналысатыны анықталған. Бұл туралы ІІД баспасөз қызметі хабарлады. Олар ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 204-бабы бойынша (белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшіг) ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тінту кезінде күдіктілердің бірінен ұрланған «Айфон-5» маркалы ұялы телефон тәркіленді. Бұл Ақтөбе тұрғынының сәуір айында қолды болған телефоны болып шықты. Жәбірленушінің бұрынырақта берген арызы негізінде полиция қазіргі күні Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Сот санкциясы бойынша жеткізілген күдіктілердің бірі 2 ай мерзімге тергеу изоляторына қамалды, қазір оған қатысты терроризмді насихаттау дерегі (ҚК 256-бабы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Басқа тұлғалар жағдай анықталғаннан кейін босатылды, оларға қатысты ешқандай шара қолданылған жоқ.
Ресми мәлімет бойынша, «102»-ге түскен хабарлама бойынша полиция қызметкерлері қару қолданған жоқ. Ұсталғандардан да қару табылмаған.

Пікір қалдырыңыз