12 жастағы шабандоз аламан бәйгеде темір тұлпар мінді

Ақтөбеде ауылшаруашылығы қызметкерлері күні мерекесі республикалық деңгейде аталып өтті.

Ақтөбеде жастар арасында ұлттық спорттан ХХ ел чемпионаты өтті. Ұлттық спорттан жамбы ату, теңге ілу, көкпар, аламан және тоқ бәйгеге еліміздің 9 облысынан 150-ге жуық жүйрік шабандоз қатысты. Шара Ақтөбе ипподромында өткізілді. Доданы тамашалауға 3000-нан аса адам жиналды.

— Әрине ұлттық спортты жастар арасында кеңінен насихаттау жұмысын одан әрі жүргізу қажет. Бұл мереке біздің жастарымыз үшін маңызды. Осындай жарыстарды алдағы уақытта да жиі өткізілетін болады. Сонымен қатар ипподром жанынан иппотерапия орталығы істеп жатыр. Қазіргі таңда облыста осы ем түріне мұқтаж 112 бала тіркеуде тұр. 20-дан аса бала ем қабылдап жатыр. Қосымша аттар да сатып алынып жатыр, Мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатқан істер, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Көкпардан 1-орынды Оңтүстік Қазақстан, 2-орынды Жамбыл облысы, 3-орынды Маңғыстау мен Ақтөбе облыстары иеленді. Аударыспақ бойынша 5 салмақтағы 4 бас жүлдені жерлестеріміз қанжығасына байлады. Тоқ бәйге жүлделерін Әйтеке би ауданы, Қобда ауданы мен Қостанай облысы бөліп алды. Ал аламан бәйгеде топ жарған Алға ауданының 12 жастағы шабандозы темір тұлпар иеленсе, 2-3-інші жүлделер Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы мен Қызылорда облысынан келген мықтыларға бұйырды.

Пікір қалдырыңыз