1000-нан аса адамды мысық тырнап, ит тістеп алған

Ақтөбе қаласының бас санитары жануарлардан зардап шегетіндер санының көбейгенін айтады.

Облыстық мәслихата Ақтөбе қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жайдар Құрманов қаладағы жағдайды баяндады.  Ол тұрғындар арасында салауаттылықпен қатар, құқықтық сауат арттыру үшін де жұмыстардың жасалу керек екендігін айтты. Маман екпе дауының әлі күнге шешілмей тұрғанын депутаттарға жеткізді.
— Екпеден бас тартқандар саны көбейіп бара жатыр. Қала бойынша 1380 баланың ата-анасы екпеден бас тартып отыр. Оның 738-і мүлде екпе жасатпаған. Бас тартушылардың 70 пайыздан астамы діни көзқарасты алға тартады. Екпеге сенімсіздік 5 пайызды құрап отыр. Қала әкімінің жұмыс жоспарымен екпеден бас тартқандармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Ақтөбе қалалық тұтынушылырдың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жайдар Құрманов.
Басшы 2016 жылдың 9 айында жануарлардың тістеуі мен тырнауынан зардап шеккендердің көбейгенін де жеткізді.
— 9 ай ішінде жануарлардың тістеуі мен тырнауынан зардап шеккен 1164 адам медициналық мекемеден көмек алды. Өткен жылдағы 9 айдың қорытындысында көмекке жүгінгендер саны 953 адам болатын. 655 адам жануарлардан зардап шегіп отыр. Эпидемиологиялық шаралар жүргізу барысында заңсыз сауда орындарынан алынған сүт және сүт өнімдері арқылы дерт жұқтырған жағдайлар анықталды, — дейді Жайдар Құрманов.
Қалалық тұтынушылар құқын қорғау басқармасының басшысы қала тазалығына үлкен мән беру керек деп отыр. Санитарлық талаптарды орындамаған мемлекеттік және жеке нысандарға 2 миллион теңгеден аса айыппұл салынған. Басқарма басшысы мораторий жарияланғандықтан донер дүңгіршектерін тексере алмай отырғандарын да айтты.
— Шағын, орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Қаланың әр көшесіне еркін жайғасқан самса, ход-дог, дөнер сататын дүңгіршектерді де тексере алмаймыз. Олардың саны қазір 70-ке жеткен. Тамақтану орындарында жұмыс істеп жүріп, медициналық тексеруден өтпеген 320 адамның жұмыстан уақытша шеттетіліп отыр, — деді қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жайдар Құрманов.

Пікір қалдырыңыз