Ақтөбеде бизнес мектебі оқыту курстарын бастады

Ақтөбе политехникалық колледжінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ашылған студенттік бизнес мектебінің үшінші маусымы басталды. Бұл курс «Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту» бағыты бойынша жүзеге асырылуда. Курс барысында оқушылар форумдарға, тақырыптық кездесулерге қатысады. Олар үшін кәсіпорындарға экскурсия ұйымдастырылады. Сондай-ақ, бизнес мектебінің оқушылары нақты жобалар дайындап, республикалық, облыстық байқауларға да қатыспақ. Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, колледж түлектері үшін алған білімі өз кәсібін ашуға көмектеседі.
— Бизнес мектебіне қатысушылар бизнесті жүргізу, кәсіпкерлік негіздері курстарынан өтеді. Біз кәсіп ашу саласында жастардың сұрағы өте көп екеніне көзіміз жетті. Мұнда теория ғана емес, кәсіпорындарда практикадан өту мүмкіндігі де қаралған. Сондықтан, бизнес мектебі пайдалы деп ойлаймын, — дейді аймақтық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Венера Шавкилова.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз