Ақтөбеде жазушы Әбіш Кекілбаевті еске алу шаралары өтуде

Ақтөбеде Қазақстан халық жазушысы, мемлекет және қоғамқайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевті еске алуға арналған бірқатар шаралар өтуде.

Айта кетсек, бүгінгі күннің бірінші жартысында М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернатында және Назарбаев зияткерлік мектебінде Әбіш Кекілбаевқа арналған қазақ әдебиеті және қазақ тілі кабинеттері ашылды.

Ал күннің екінші жартысында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты өтті.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті еліміздің батыс өңіріндегі ең іргелі оқу орны. 1966 жылы ашылған университет үстіміздегі жылы 50 жылдығын атап өтті.

Оқу орны профессорлық-оқытушылық құрамының ғылыми дәрежесі, материалдық-техникалық базасы, оқу процесінің әдебиетпен қамтамасыз етілуі секілді негізгі көрсеткіштері бойынша республикадағы жоғары оқу орындары арасында алдыңғы қатарда. 54 мамандық бойынша кадр дайындайды.

Шараға Әбіш Кекілбаевтың отбасы мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері,  жергілікті ақын-жазушылар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қатысушылар дәрісхана аралап, материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты және қазақтың мақтанышына айналған тарихи тұлғаға арналған шығармаларды тыңдады.

Жазушыны еске алуға арналған шаралар одан әрі «Ғұлама тұлға, ғибратты ғұмыр» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясымен және Әбіш Кекілбаев пен Шыңғыс Айтматовтың «Ханша–Дария хикаясы» спектаклінің тұсаукесерімен жалғасады.

 

 

Пікір қалдырыңыз