Ақтөбеде жазушы Әбіш Кекілбаевқа арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

Ақтөбеде жазушы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевқа арналған «Ғұлама тұлға, ғибратты ғұмыр» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Шараның мақсаты — ұлттық әдебиет пен мемлекет ісінде өшпес із қалдырған Әбіш Кекілбаевтың кемеңгер тұлғасын еске алып, қазақ әдебиетінің поэзия, проза, драматургия, сын, публицистика, аударма жанрларына қомақты үлес қосқан қаламгердің әдеби мұрасын, шығармашылық жолын насихаттау.

Биылғы жылы Тәуелсіздігіміздің 25-жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтудеміз. Осынау қастерлі мерейтойда егемендікті нығайтқан, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге үлкен үлес қосқан қайраткер — Әбіш ағамыздың ортамызда болмауы, әрине өкінішті. Әбіш ағамыз туралы Мемлекет басшысы «Әбекең — әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Жұртының мүддесі үшін жазары таусылмаған жазушы болу да бір бақыт қой. Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін!» деп баға берсе, зиялы қауым өкілдері, танымал жазушылар «Әбіш – феномен. Әбіш – тұтастай бір әлем» деп қадірлейтін, — деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің алғы сөзінде.

Аймақ басшысы Әбіш Кекілбаевтың саналы өмірі Ақтөбе облысымен де байланысты болғанын атап өтті. Жазушы Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлова, ағайынды Жұбановтардың мерейтойларына арнайы қатысып, Мәжіліс депутаты болған кезінде Ақтөбе облысындағы игі істерді қолдады.  Кіші жүздің ханы Әбілхайыр ханның жерленген жері — «Хан моласын» алғашқылардың бірі болып зерттеп, бабамызды ұлықтау бағытында үлкен жұмыс атқарды. Сол жұмыстардың нәтижесінде 2015 жылы Қазақ хандығының 550-жылдық мерейтойы аясында Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында Әбілхайыр хан мемориалдық кешені ашылып, еліміздің тарихи орындарының біріне айналды.

Конференция барысында Әбіш Кекілбаевтің тағылымы, шығармашылығы туралы көптеген ой-пікірлер айтылды. Шараға ғұлама жазушының зайыбы Клара Жұмабаева, қызы Сәулет Кекілбаева, мемлекет және қоғам қайраткерлері,  жергілікті ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап өтсек, қатысушылардың арасында Нұрлан Оразалин, Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев сияқты Ақтөбеге арнайы келген танымал өнер-ғылым, қоғам қайраткерлері болды.

Еске сала кетейік, бүгін Ақтөбеде Қазақстан халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевті еске алуға арналған бірқатар шаралар өтуде. Соның ішінде, М. Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернатында және Назарбаев зияткерлік мектебінде Әбіш Кекілбаевқа арналған қазақ әдебиеті және қазақ тілі кабинеттері ашылды, ал Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты өтті. Сондай-ақ Т. Ахтанов атындағы драма театырында Әбіш Кекілбаев пен Шыңғыс Айтматовтың «Ханша–Дария хикаясы» спектаклінің тұсаукесері өтеді.

 

Пікір қалдырыңыз