Ақтөбеде «Әбіштану» кабинеті ашылды

Мақсұт Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында «Әбіштану» кабинеті ашылды. Салтанатты шараға Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Кекілбаева мен танымал ақын-жазушылар қатысты.

«Әбіштану» кабинеті негізі жаңа оқу жылының басынан бері жұмыс жасап келеді. Алайда, ашылу салтанаты бүгін ұйымдастырылды. Қонақтарға алдымен Құсайынов атындағы мектеп-интернаттың қысқаша тарихы баяндалды. 10-сынып оқушысы Нұрбол Жауынбаев Алаштың абыз ұлына арнаған өлең шумақтарынан тарту жасады.
«Әбіштану» кабинетінде жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы курс өтеді. Ол мектеп бағдарламасында бекітілген. «Заманымыздың заңғар тұлғасының «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» романдары тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып жатқан тәрбиелік мәні мол шығармалар. Мұның барлығы «Әбіштану» курсында оқушыларға толық жеткізіледі», — дейді мұғалім Күнсұлу Шугурова.
Жазушы кабинетінің дәл осы мектептен ашылуы кездейсоқтық емес. 80 жылдық тарихы бар мектеп бірнеше рет республикада үздік білім ордасы атанған.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз