Ақтөбеде амфитеатр, француз және ағылшын кварталдары пайда болады

Ақтөбеде амфитеатр, француз және ағылшын кварталдары пайда болады

Ақтөбе алып құрылыс алаңына айналмақ. Халқының саны жыл санап өсіп келе жатқан облыс орталығындағы құрылыстарды қамтитын бас жоспар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Еске салсақ, шаһар басшысы Ілияс Испанов Үкіметте Ақтөбе қаласының бас жоспарының жобасын сәтті қорғап шыққан болатын.

Елбасы тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе еліміз бойынша төртінші агломерациялық қалаға айналып, халқының саны бір миллионға жетуі тиіс. «Ол үшін тұрғын үйлердің санын арттырып, шаһар сәулеті келісті болуы қажет». Осылай деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауапты мамандардың жұмысын сынға алды. Мәселен, «Нұр Ақтөбе» ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерінің барлығы бірдей, дизайн жағынан ақсап тұр. «Жалпы, осыны жаңарту үшін арнайы кеңес құрылған болатын. Бірақ, олардың жұмысы көңіл көншітпейді», — деді өңір басшысы.
Заманауи көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттарды салу үшін қаржы жеткілікті. Тек жауапты мамандар тарапынан ұсыныс болып, кәсіпкерлермен жұмыс жасау керек. «Сондай-ақ, мектептер мен денсаулық сақтау мекемелерін салу кезінде де қаперге алынбайтын, жоспарланбай қалатын сұрақ көп», — деп ескертті өңір басшысы.

— Мәселен, 180 балаға арналған мектепте 60 оқушыға арнап акт залын саласыңдар. Сонда, балалардың қалғаны қайда тұрады? Осы мәселені неге шешпейсіздер? Мектептің жобалық-сметалық құжатын жасамас бұрын алдымен білім басқармасының мамандарын шақырып, келісу керек, — деді Б.Сапарбаев.
Ақтөбе қаласының бас жоспарының жаңа жобасы бойынша құрылыстар 2017 жылы басталады. Негізінен жоспар аясында көпқабатты тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттарды салуға басымдық берілген. Жеке сектордағы үйлерді салу үшін арнайы жер телімдері қала сыртынан беріледі. Қазір қала халқының саны 454 мыңды құрап отыр. 2030 жылға қарай ол көрсеткіш 625 мың болуы тиіс. Ал, 2040 жылға қарай шаһар тұрғындарының саны миллион адамға жетеді деп жобаланып отыр.

— Батыс ауданы «Ақтөбе сити» деп аталатын қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы болады. Онда негізінен 6 шағын аудан болады. 110 мың адам тұрады деп жоспарланып отыр. Амфитеатр, ел рәміздері авторларының құрметіне арналған арнайы ескерткіш, субұрқақ бой көтереді. Ауданның әр бөлігі «француз кварталы», «ағылшын кварталы» деп аталмақ. Бұдан бөлек 30 мың адамға арналған «Ақтөбе-арена» жабық стадионы да салынады, — деп есеп берді қала әкімі Ілияс Испанов.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз