Ақтөбеде 83 көшенің, 9 елді мекеннің атауы өзгертіледі

Елді мекендерге Сығанақ, Сарайшық, Күлтегін сынды атаулар беріледі.

Қалалық мәслихат депутаттары мен әкімдік өкілдері Ақтөбедегі көшелердің атауы өзгеретіндігін хабарлады. Бір-біріне ұқсайтын қала көшелеріне, ауылдарға қазақы атау берілетін болады. Осы бастаманы қолға алған топ атауы өзгертілетін ауылдарды аралап шықты. «Заречный-3» ауылының тұрғындарымен кездесу өткізілді. Болашақта ол жер Тұран ауылы аталуы мүмкін.
— «Батысқа» — «Ақтөбе сити», Оңтүстік батысқа — «Абылай хан», «Хан тәңірі» атауын беруді жоспарлап отырмыз. Атауы бір-біріне ұқсайтын 1, 2,3 деген санмен ерекшеленетін елді мекендердің де аты өзгертіледі. «Заречный 1»-ге — «Сығанақ», «Заречный 2»-ге «Сарайшық», «Заречный 4»-ке «Күлтегін» атауы таңдалды. «Сельмаш» ауданын «Достық», «Сельмаш-2» ауданын «Ақ Отау» деп атау ұсынылды, — дейді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Қабыл.
Ақтөбе қаласының көшелері енді «Ақжол», «Алтыбақан», «Өнеге», «Арғымақ», «Ғибадат», «Базарлық», «Отан» секілді атаулармен аталатын болады.
Барлығы 83 көше мен 9 елді мекеннің атын жаңарту жоспарланған. Енді жергілікті әкімдік таңдаған атауды халыққа таныстырылып, тұрғындардың пікірін тыңдалады. Қоғамдық қабылдауға қатысқан тұрғындар келісім берсе, таңдалған көше атаулары бекітіледі. Жергілікті әкімдік өкілдері көше мен елді мекен атауы өзгерген кезде үйдің техникалық төлқұжаты тегін өзгертілетінін де айтты. Сондай-ақ, атауы өзгертілетін көшелерге дөкейлердің ата-бабасының, көпшілік білмейтін адамдардың есімі берілмейтіндігін жеткізді.

Пікір қалдырыңыз