Теракт кезінде қауіпсіздікті сақтай алмаған полиция басшылары жауап береді

Ақтөбе қаласындағы жергілікті полиция басшысы мен орынбасарының басы «бәлеге» қалды. Теракт оқиғасы кезінде дереу әрекет ете алмаған басшылардың ісіне прокурорлардың көңілі толмай отыр.

5 маусым күні болған 45 адамның террористік шабуылы кезінде жедел әрекет ете алмағаны үшін Ақтөбедегі жергілікті полиция басшылары жауап беруі мүмкін. Күдікті Таңатаров бастаған 45 адам «Паллада», «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне, «66/55» әскери бөлімшесіне шабуыл жасаған болатын. Теракт оқиғасын ұйымдастырушылардың жартысы оқиға орнынан қашып кеткені осыған дейін белгілі болды.
Шабуыл кезінде 7 адам қаза тауып, 13 адам түрлі дене жарақатын алды. Маусым айында тіркелген оқиғаға тергеу жүргізген прокурорлар сол күні Ақтөбе қалалық жергілікті полиция бөлімінің басшысы Шляшев пен оның орынбасары Шоқановтың жедел әрекет етпегенін анықтаған. «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағандар қоғамдық көлікке мініп, әскери бөлімшеге баса-көктеп кірген болатын. Басшылық қызметтегі лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметтеріне сай әрекет етпегені үшін жауапқа тартылады.
Келесі аптада облыстық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында теракт оқиғасына қатысы бар 28 адамның ісі басталады.

Пікір қалдырыңыз