Қобда ауданының мектептерінде үш жылдан бері мұғалім тапшы

Қобда ауданының мектептерінде мұғалім-мамандар тапшы. Үш жылдан бері математика және орыс тілі пәндерінің мұғалімдерін таппай отырған ауыл мектептері бар. Барып жұмыс істегісі келетін мамандарға жағдай жасалады. Бұл туралы аудан орталығында өткен жұмысыздар жәрмеңкесінде аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлмаржан Есенғұлова мәлімдеді.

Жәрмеңкеде жұмыс берушілер жұмыссыз тұрғындарға 206 бос орын ұсынды. Оның 152-сі — жұмысшы мамандықтар. Аудан орталығында газ қазандықтарына операторлар, көлік жүргізушілері, сатушылар, сондай-ақ медицина мамандары және заңгерлер тапшы. Жәрмеңкеде 142 қобдалық жұмыс тапты. Ал жұмысқа орналаспағандарға ұйымдастырушылар жастар практикасына, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға жолдама берді. Төрт адам кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы курсқа бағытталды.

— Өткен жылы біз осындай жәрмеңкелер кезінде 60 мұғалімді жұмысқа алдық. Қазір ауыл-аймақтағы мектептерде 25 маман жастар практикасы бойынша жұмыс істеп, бізге көмектесіп жүр. Бірақ бұл мәселені шешпейді. Сондықтан біз жәрмеңкеге бос орындарды ұсынып отырмыз. Үш жылдан бері орыс тілі мен әдебиеті және математика пәндеріне мұғалім таппай отырмыз. Үш мектепке ағылшын тілінің, 2 мектепке музыка пәнінің мұғалімдері қажет. 2 мектепке кітапханашы және тағы 2 мектепке логопед-мамандар керек.
Ауылда газ жоқ, от жағып жылытатын мектептер бар. Оларға от жағушылар да керек, — дейді Гүлмаржан Есенғұлова.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз