Ақтөбеге Дмитрий Баландин мен Зульфия Ғабидуллина келеді

Ақтөбеде су спортынан республикалық кубок үшін жарыс өтеді. Қазанның 20-сы күні сағат 17.00-де болатын ашылу салтанатына олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мен параолимпиада чемпионы Зульфия Ғабидуллина қатысады деп күтілуде. Бұл туралы бүгін «Достық» бассейні директорының орынбасары Ләззат Бектурлиева мәлімдеді.
Бүгін сол республикалық чемпионатқа мықтыларды іріктеу мақсатында «Достық» бассейнінде суда жүзуден облыс чемпионаты өтті. Оған, 100-ден астам спортшы қатысты. Негізінен мектеп жасындағы жасөспірімдер. Талап бойынша қыз балалар 50 метрден бастап, 800 метр қашықтыққа жүзуі тиіс. Ал, ерлер балалар үшін жарыс жолы 1500 метрге дейін созылады.
— Осы жарыстағы жеңімпаздар облыстың құрама командасына алынады. Біз қазанның жиырмасында барлық жанкүйерлерімізді республикалық жарыстың ашылу салтанатында күтеміз, — дейді Ләззат Бектурлиева.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз