Ақтөбеде кондоминиумдар мен жеке пәтер иелері кооперативтері қаржыны қайда жұмсайтыны белгісіз

Ақтөбе қаласында жеке пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумдар тұрғындардан түсетін қаржыны қайда жұмсайтыны, қалай жұмсайтыны нақты бегісіз. Бұл туралы бүгін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге қатысты өткен дөңгелек үстел барысында «Шынар» гендерлік білім беру орталығының директоры Сәуле Досщанова мәлімдеді.

Ол үшін Ақтөбе қаласында өзін-өзі басқару кеңесі құрылуы тиіс. Ал ондай қоғамдық кеңесті қалай құруымыз керек, оның құрамында кімдер болуы керек, немен айналысады, кімді бақылау деген мәселелерді шешу үшін Ақтөбеге бүгін Шығыс Қазақстан облысының мамандары шақырылды. Себебі, Шығыс өңірінде өзін-өзі басқару кеңесінің құрылғанына 10 жыл болыпты. Өскемен қаласындағы кеңестің төрағасы Серік Оразбайұлы ақтөбелік мемлекеттік мекемелер және үкіметтік емес ұйымдар басшыларына өзін-өзі басқару жүйесінде қоғамдық кеңес құру тетіктерін айтып берді.
— Біздің Өскемен қаласында 10 шағын аудан бар. Яғни, әр ауданның тұрғын үйлерінің жағдайын бақылап отыратын 10 қоғамдық кеңес бар. Олар коммуналдық мәселелерінің бәріне араласады. Шешу үшін жергілікті билікпен бірігіп жұмыс жасайды, — дейді С.Оразбайұлы.

Ал Ақтөбеде ол жоқ. Ондай «адал» кеңесті құру үшін бізге не жетпейді?
— Қазір Ақтөбедегі жеке пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумдар тұрғындардан қызмет көрсеткені үшін жинап алатын қаржыны қайда жұмсайтынын ешкім нақты білмейді. Тұрғындар не үшін ақша тлеп жүргендерін айтып, талай рет табалдырық тоздырғанына куәміз. Бірақ, соңы шешілмейтін түйінге айналатын осы мәселені шешу үшін бізге өзін-өзі басқару кеңестерін құру керек. Оның құрамына жеке пәтер иелері және кондоминиумдар еншізілуі керек. Олар қоғамдық кеңеске есеп беруі керек, — дейді С.Досщанова.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз