Ақтөбе облысының күндері Қызылордада басталды

Қызылорда облысында Ақтөбе облысының күндері басталды. Қызылордаға бүгін біздің өңірдің делегациясы келіп үлгерді. Шаралар Арал ауданындағы «Қамбаш» лагерінен басталды. Ақтөбеліктер Қазалы және Байқоңыр жерінде болып, Қорқыт ата ескерткішіне тағзым етпек. Ал ертеңгі күннің бағдарламасы өңіраларық кооперацияны дамытуға қатысты меморандумдарға қол қоюдан басталмақ. Одан кейін ақтөбелік тауар өндірушілердің ауыл шаруашылық жәрмеңкесі, шеберлер бұйымдарының көрмесі өтеді. Сондай-ақ, білім және мәдениет саласы мамандарының қатысуымен шеберлік кластары, семинарлар және спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында ақтөбелік жоғары оқу орындары жанындағы «Тұмар» және «Алаш» жастар театрларының қойылымдары көрерменге ұсынылады. Ал Н.Бекежанов атындағы драма театрда ақтөбелік суретшілердің жұмыстары қойылатын Ақтөбе арбаты ұйымдастырылады. Жұмада бұл шаралар біздің өңірдің өнер ұжымдары дайындаған гала-концертпен аяқталмақ.
Ал себі күні, қазанның 15-сінде Ақтөбе облысы тауар өндірушілерінің көрмесі, «Жастар саясатын жүзеге асыру» тақырыбында семинар және өнертапқыштар көрмесі өтеді. Тоғызқұмалақтан жолдастық кездесу де тартысты болады деп күтілуде. Сондай-ақ, қызылордалықтарға Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының спектаклі ұсынылмақ.

Пікір қалдырыңыз