Жаңа спорт алаңына бюджеттен 15 миллион теңге бөлінген

Қобда ауданында қазынадан 15 миллион теңге бөлініп, көп салалы спорт алаңы ашылды. Алаңның ені 20, ұзындығы 40 метрге созылып жатыр. Қобда орта мектебінің жанынан ашылған спорт алаңына жазда футбол ойнауға болатын жасыл төсеніш төселген. Ал қыста бұл жер мұз айдынына айналады. Балалар хоккей онайтын болады.

— Бұл алаң заманауи мектептің талабы сай. Мұндай спорт алаңы біздің ауданның мектептерінде бұрын болған емес. Жылдың барлық маусымында ашық тұрады. Қазір біз ауданның өзге мектептерінің де осындай мүмкіндікке қол жеткізуі үшін қаражат қарастыратын боламыз, — дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықов.
Ашылу салтанатына келген жұрттың алдында «Ақтөбе» футбол клубының даярлық орталығының аудандық филиалында жаттығатын балалар матч өткізді.

— Біз мектебімізде осындай алаң салынғанына қатты қуандық. Күн сайын осында жаттығатын боламыз. Ал жазғы каникулда біз үшін жақсы болды, осында уақытымызды өткіземіз. Болашақта мықты футболшы боламын деп армандаймын, — дейді Қобда орта мектебінің оқушысы Халел Загретдинов.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз