Балық шаруашылығын дамытамыз

2020 жылға дейін облыста балық өнімін өндіру көлемі 2,5 есеге дейін артпақ. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткізген жиында айтылды деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Балық шаруашылығын жандандыру мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынды.
Алға, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар аудандарындағы 10 су қоймасы бірінші рет тауарлы балық шаруашылығына бекітілді. Алдағы жылдары 10 балық өсіру шаруашылығын құру жоспарланып отыр. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұлдың айтуынша, табиғи су қоймаларында балық өнімділігі гектарынан 20 келі шығатын болса, тауарлы балық шаруашылығы мен балық өсіру шаруашылықтарында бұл көрсеткішті 500 келіге дейін жеткізуге болады.
— Балық шаруашылығы — қосымша кіріс көзі, әсіресе, Ырғыз, Қарғалы сынды суы мол жерлер үшін үлкен мүмкіндік. Қолда бар ресурсты барынша тиімді пайдалану керек, — деді облыс әкімі.
Қазір облыс аумағында балық шаруашылығын жүргізуге жарамды 74 су қоймасы бар. Оның 50-і табиғатты пайдаланушыларға бекітілген, қалған су қоймаларды да бақылауға алу, бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Пікір қалдырыңыз