Ақтөбелік керуен Қызылордаға аттанады

13-15 күндері Қызылорда облысында Ақтөбе облысының күндері өтеді

Ақтөбенің көрші облыстағы күндері екі өңірдің шекарасынан басталады. Арал ауданы Қамыстыбас ауылдық округінде «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында шаралар өткізіледі. Қазалы, Қармақшы, Сырдария аудандарында да бірқатар кездесу жоспарланған. Ақтөбеліктер «Байқоңыр» ғарыш айлағымен, «Қорқыт ата» мемориалдық кешенімен, Қармақшы ауданындағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ елі» аллеясымен танысады.
Қызылорда қаласында спорттық, мәдени-көпшілік шаралар, Ақтөбе облысы өнер шеберлерінің және шығармашылық ұжымдарының гала-концерті өткізіледі. Ақтөбе және Қызылорда облысы әкімдіктері арасында аймақаралық кооперацияны дамыту туралы меморандумның жүзеге асырылу туралы кеңейтілген мәжіліс өткізіліп, жаңа келісімдер жасалады.
Үшінші күні қызылордалықтарға Ақтөбе облысы ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерінің жәрмеңкесі, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Тұмар» және С. Бәйішев атындағы университеттің «Алаш» жастар театрының қойылымы, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының спектаклі ұсынылады.
Айта кету керек, бұған дейін Ақтөбеде де өңірлер арасында кооперациялық байланысты нығайту мақсатында наурызда және мамырда Қызылорда облысының күндері өткізілген болатын. Өңіраралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ауылшаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп, Ақтөбеге оңтүстіктен арзан өнімдер жеткізілді. Бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Мәселен, екі жақты байланыс нәтижесінде бүгінде Қазалы ауданының кәсіпкері Ырғызда балық зауытының құрылысын бастады. Басқа да келісімдер жасалды. Осы құжаттарға сәйкес, Ақтөбе Қызылордаға қиыршық тас, қызыл кірпіш, тіркеме техникасын, өрттің алдын алу құралдары, жылу оқшаулағыш құбырлар мен фитингілер, полимерлі-композитті материалдар мен құдықтар, композитті әйнек талшықты құбырлар, бағдаршам жадбықтарын жеткізсе, Қызылордадан қорғаныш каскаларын әкелу туралы меморандумдарға қол жеткізілді.
Қызылордада өтетін Ақтөбе күндері барысында өткізілетін кәсіпорындар көрмесіне құрылыс индустрия, резеңке және пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсіппен және мұнай саласында қызмет көрсетумен айналысатын 14 компания қатысады.

Пікір қалдырыңыз