Ақтөбе облысында аумағы 378,7 мың гектар ауылшаруашылығы жері пайдаланылмай жатыр

Бұл қаңтар-қыркүйек айларында облыста дұрыс пайдаланылмаған немесе мүлде пайдаланылмай жатқан 378,7 мың гектар ауылшаруашылығы жері анықталды. Бұл дерек облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткізген жиында белгілі болды деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Тексерулер нәтижесінде құқық бұзған 216 адамға кемшіліктерді жойып, жерді ауылшаруашылығы айналымына енгізуге бір жыл уақыт берілді. Жерлерді пайдалануды және қорғауды бақылау басқармасының басшысы Әбдухат Мырзалиннің айтуынша, жыл басынан бері соттарға пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы 16 талап арыз түсірілген. 9 талап арыз қанағаттандырылған, бесеуі қаралып жатыр.
Есепті кезеңде ауылшаруашылығы мақсатындағы 21,1 мың гектар аумақты алып жатқан 36 жер учаскесі қайтарылған. Коммерциялық мақсаттағы жерлерді де дұрыс пайдаланбай отырған жерге иелік етуші субьектілерге қатысты да шаралар қолға алынды. 120 субьектіге құқықбұзушылықтарды жою үшін нұсқау берілді, игерілмеген жер учасклерін сатуға, жалға беруге шектеулер қойылды.
Облыс әкімі пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау, оларды кері қайтару бағытында жүргізілген жұмыстарға оң бағасын берді, жұмыс тобына бұл жұмысты одан әрі жандандыру қажеттігін айтты.

Пікір қалдырыңыз