Түлектердің Абай ауылына тартуы

Хромтау ауданына қарасты Абай ауылының түлектері «Туған жерге тағзым» акциясы аясында балабақшаға «Отау» спутниктік құрылғысын және Абай орта мектебіне үстел теннисі мен интерактивтік тақта алып берді.
Бұл сыйлықтарды түлектер Хромтау ауданының Абай ауылында өткен ұлттық ойындардың жарысы кезінде сыйлады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шараға ауданға қарасты ауылдық округтердің барлығы қатысты.
Ұлттық ойындар ұлықталған шараны ұйымдастыруға да бір кездері осы ауылда қызмет еткен азаматтар демеушілік көрсетті. Олар жүлде қорына қаржы бөлген. Мәселен, аламан бәйгеден бірінші орынның жүлдесі 150 мың теңгені және екінші орынға тігілген 100 мың теңгені Көктөбе ауылдық округінің шабандоздары жеңіп алды. Ал үшінші орынға берілген 50 мың теңге көктаулық шабандозға бұйырды. 25 шақырымдық аламан бәйгеде 16 сәйгүлік бақ сынады.

Жыл сайын осындай бәйге ұйымдастырып, түлектерін жан-жақтан жинайтын ауылдың әлеуеті жақсы.
— Абай ауылы аудан орталығынан он-ақ шақырым жерде. Сондықтан, мұнда жұмыссыз адам жоқ, көпшілігі аудан орталығына қатынап жұмыс жасайды. Қазір ауылда 80 үй бар. Барлығы 370 адам тұрады. Елді мекен ауыл шаруашылығына бейімделген. Абайлықтар мемлекеттік бағдарламалардың игілін де көріп отыр, — дейді ауыл әкімі Нұрлыбек Жұмағалиев.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз