Қобда ауданының Талдысай ауылында Мәдениет үйі ашылды

Қобда ауданының Талдысай ауылында Мәдениет үйі ашылды. Бұл салтанатты сәтті мәдениет саласының қызметкерлері ғана емес, ауыл жастары, тұрғындар көптен күткен еді. Ауыл ақсақалдары «енді дарынды жастар, өнерпаз өрендердің бас қосатын, талантын шыңдайтын орын бар» — деп қуанып отыр.

Негізі Талдысай ауылындағы бұл ғимарат 20 жыл бойы бос тұрды. Биыл оны күрделі жөндеуден өткізіп, пайдалануға берді. Тұрғындардың айтуынша, жөндеу жұмыстары аз уақыттың ішінде сапалы жасалған. Қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 42 миллион теңге бөлінді.
— Клубтың ішіндегі керек-жарақ жабдықтарына аудан бюджетінен 11 млн. теңге ақша бөлінді. Ғимаратты жазда үш ай ішінде жөндеп болды. Оған ауылдың біраз тұрғындары жұмысқа тартылды, — дейді аудандық мәслихат депутаты Сайын Меңдіғарин.
Жаңа мәдениет ошағына 15 адам жұмысқа алынды. Бұл ғимаратта мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылады. Ауыл әкімдігі активінің және ақсақалдар кеңесінің отырыстары өтеді. Ол үшін клуб ішінде 300 орындық зал бар.
Ақсақалдар бұл жерде үстел теннисін, шахмат ойнап уақыт өткізеді. Ал жастар жағына арналған бишілер, әншілер, шебер қолдар үйірмелері жұмыс жасайды. Әжелер ансамбілі де осында. Ал кітап оқуға құмар жандар үшін кітапхана қорында түрлі жанрдағы 7,5 мың кітап сақталған.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз