Ақтөбелік диқандар гектарынан 13 центнерден өнім алды

Бұл соңғы 25 жылдағы ең үздік көрсеткіш!

Ақтөбе облысында 341 мың гектарға жуық алқаптан 443 мың тонна астық жиналды. Диқандардың айтуынша, әр гектардан 13 центнерден өнім алынған.
— Бұл көп жылдан бері қол жеткізген жетістік. 1991 жылы диқандар соңғы рет осындай мол өнім алған, ол кезде гектарынан 12,9 центнер астық алған. Ал биыл 13 центнер алып отырмыз. Былтырмен салыстырғанда өнім көлемі 2,5 есе артты, былтыр гектарынан 5,9 центнер өнім алдық, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қаржаубай Ыбырайымұлы.
Бидайдан өзге арпа, сұлы, тары өнімін алу көрсеткіші де жоғары. Басым бөлігі астық шаруашылығына қолайлы Әйтеке би, Хромтау, Қарғалы, Мәртөк аудандарының егістіктерінен жиналды.
— Биыл ауа-райы диқандар үшін қолайлы болды. Гектарынан 14-17 центнер өнім алған шаруашылықтар да бар. Бұл шаруашылықтардың қарыздарын өтеуге септігін тигізеді. Яғни, қарызға батып отырған шаруашылықтар үшін биылғы мол түсімнің арқасында үлкен мүмкіндік туып отыр, — дейді Қ.Ыбырайымұлы.
Өнім Түркия, Ресей, Иран елдеріне экспортқа да шығарылып жатыр. Астық сақтайтын лицензиясы бар 7 элеватор жұмыс істеп тұр, онда 438 мың тонна өнім сақтауға болады. Одан өзге диқандардың өздерінің де қоймалары жеткілікті. Келесі жылға 35 мың тонна тұқым әзірленген.
Картоп жиналып жатыр. Былтырғыға қарағанда картоп шығымы 1,5 есе өскен.
Мал азығы да мол жиналды: былтыр 1 млн 800 мың тонна шөп жиналса, биыл 2 млн тонна мая үйілген.
— Мал басын көбейтуді жоспарлап отырмыз, бұл мал азығын көбейту қажеттілігін туғызады. Былтыр 148 мың гектар дерге, биыл 177 мың гектар дерге мал азығы егілді, — дейді басқарма басшысы.

Пікір қалдырыңыз