Ақтөбеде қоғамдық көлікте шырылдап жылаған баланың дауысы жан түршіктірді

Видеоны көрген тұрғындар Бердібек Сапарбаевтан қоғамдық көлік мәселесін шешіп беруді сұрайды.

«Актобе зелло» инстаграм парақшасынан скриншот

Қаладан «Сүт зауыты» ауданы жанындағы саяжайларға баратын №32 бағыттағы қоғамдық көлікте болған оқиға көпшілікті бей-жай қалдырмады. «Aktobe_zello» тобының парақшасына жүктелген көріністе қоғамдық көліктегі бір сәт түсірілген. Автобустан ұстайтын жер таба алмай бір-бірін итерген адамдар, жылаған баланың даусы жан түршіктіреді.
— «Сүт зауыты» ауданына келетін №32 автобустағы жағдай. Жоғары жақтағылардан тағы бір автобус шығаруын сұраймыз. Қаладағы мектептерде оқитын балаларға обал. Автобус толы адамдардың аяқ астына құлап, жылап жатады. Жолаушылар мен кондуктор арасында күнде айқай. Аудан тұрғындары атынан кеңірек автобус шығаруды сұраймыз. «Сүт зауыты» ауданындағы №5 мектепте оқитын балалар мектепке жаяу қатынайды. Күн салқындап кетті. №32 автобус №5 мектепке дейін барса, жақсы болар еді. Барлық ата-ананың тілегі сол. Балалар мектепке бару үшін айналма жолдан өтеді. Төрт бағыттан көліктер зулап жатқан жерден өту балаларға қауіпті. Осы жағдайды тұрғындарға шешіп берсе екен, — дейді видео авторы.
Видеоны көрген көпшілік барлық қоғамдық көліктегі жағдайдың осындай екенін жарыса жазды.
Бірі: «Аянышты, балаға обал-ақ. Жылап жатыр», — десе, екіншісі: «Қаладағы барлық қоғамдық көліктегі жағдай осы. Жауапты адамдар көмектесу керек», — деп пікір қалдырған. Кейбірі Ақтөбе әкімдігі мен Бердібек Сапарбаевтың әлеуметтік парақшасын белгілеп көмек сұрап жазған.

Пікір қалдырыңыз