Үш айдан бері жалақы алмаған жұмысшылардың жанайқайын кім естиді?

Құрылысшылар өздері салған мектептің қасына жиналып, еңбекақыларын талап етіп жүр.

Ақтөбедегі жеке мектептің құрылысын жүргізген бір топ жұмысшы үш айдан бері айлық алмаған. Батыс-2 ауданындағы жеке мектепті ақтап, сырлап, қабырғаларына түрлі пішінде сурет салып берген жұмысшылар үш айдан бері несиесі мен пәтерақысын төлеуден қалған.Жұмысшылардың әрқайсысы 200 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін алажақ екендіктерін айтады. Жұмысшы мен жұмыс беруші арасында келісім-шарт жоқ. Заңды түрде құқықтарын қорғай алмай отырған топ енді құзырлы мекемеге шағымданатындарын айтады.

— Ақша сұрап күнде келеміз, нәтиже жоқ. Енді қайда барарымызды білмейміз. Айлық ала аймай жүрміз, сұрасақ, «тапсырыс беруші берген жоқ» дегенді айтады. Олар өзара келісе алмай жатыр, бір-біріне сілтейді, ал бізге жалақымызды алуға көмектесеттін адам керек, — дейді жұмысшы топ.
Мектеп құрылысын жүргізген мердігер компаниялар өзара келісе алмай жатыр. Мердігер компания «тапсырыс берушіден әлі ақша алған жоқпыз» деп мұң шағып отыр.
— Жұмысшылардың жалақысын тапсырыс беруші ақша түсірген соң ғана төлей аламыз. Олар бізге 60 миллион теңге бережақ. Ал біздің жұмысшыларға 10 миллион теңгеден астам жалақы қарызымыз бар.Тек әрлеуші, тас төсеуші, сырлаушылар ғана емес, көлік тасымалы қызметтерін көрсеткен адамдар да еңбекақыларын ала алмай отыр. Жұмыс аяқталды, бірақ тапсырыс беруші қабылдау актісіне қол қоймай отыр. Кемшіліктер бар деп кері қайтара береді, — дейді «Алекс Трейд» ЖШС өкілі Александр Годяцкий.

Ал жалақы ала алмай жүрген жұмысшы мәселеге жергілікті биліктің араласуын сұрайды.

Пікір қалдырыңыз