79 жастағы ақсақал отбасының берекелі болуының құпиясын айтты

Ғұбайдолла Бітіков: Жастарға ақыл айтпас бұрын ақсақалдардың өзі оған лайықты болу керек

79 жасқа аяқ басқан Ғұбайдола Бітіков 6 баланың әкесі. Тәрбиелеп өсірген 3 қыз, 3 ұлынан көріп отырған 8 немере, 4 шөбересі бар. Балаларын байлығына балаған ақсақал отбасының берекелі болуының құпиясымен бөлісті:
— Отбасында ерлі-зайыпты екі адамның түсінісуі басты шарт, алдымен шыдамдылық, төзімділік қажет. Қоғамда ажырасу көп, бұл екі адамның түсінісе алмауынан болатын жайт. Жастар екі жақта отырған ата-аналарын ойлауы керек. Баласы үшін ата-ана қиналады, іштей шаршайды. Балалар соны көп ойлай бермейді. Үйдегі берекеттің тұтқасы – отбасының негізін қалап отырған екі адамда, — дейді Ғұбайдолла Бітіков.
Тәрбие турасында сөз қозғаған ақсақал жастардан мін іздеп, оларға жиі ақыл айтатындарға қатысты да өз пікірін білдірді.
Адам есейген өзгеге үлгі болуға тырысуы керек. Ақсақалдар «жастарға қайткенде үлгілі боламын, қайткенде жастар маған ұқсауға тырысады?» деп өзіне өзі үнемі сұрақ қойып, өзіне сын көзбен қарауы керек. Айтқан әңгімелері, жүріс-тұрысы, өзін өзі ұстауы, мәдениеті жоғары болуы тиіс. Жастар үлкендердің сөзіне құлақ аспайды дейтіндер бар, мен бұл оймен келіспеймін, жақсы сөз айтсаң, құлақ аспайтын адам жоқ, — дейді ол.
Әдемі қартаюдың да нағыз бақыт екенін айтқан ақсақал ибалы келіндері туралы да айтып берді.
— Баланы жан-жақты тәрбиелеуіміз керек. Келінім «папа» деген сөзден артық ештеңе айтпайды. Одан артық маған қандай бақыт керек? Үйден шығатынымды білсе, киімдерімді дайындап, үтіктеп қояды. Қасымдағы немерелерім «атамның баласымын» деп шауып жүр. Ең кіші баламның қолындамын. Үш келінім бар.
Аллаға шүкіршілік айтамын. Балаларым ақылды, келіндерім ибалы. Күйеу балаларыма да ризамын. Әдемі қартайғанның өзі бақыт емес пе? — дейді Ғұбайдолла Бітіков.

Пікір қалдырыңыз